Текелі
Уикипедиядан
ТЕКЕЛІ - Қазақстан Республикасы, Алматы облысына бағыныстағы қала (1952 жылдан), темір жол стансасы. Талдықорған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 км қашықтықта орналасқан. Аумағы 0,1 мың шаршы км (61,33 га). 2003 жылғы деректер бойынша 24,3 мың тұрғыны бар. Оған Рудничный кенті қарайды (тұрғыны 1000 адам). Қала Текелі өзенінің сол жағалауында, Жетісу Алатауының батыс сілемдері шатқалының бірінде, теңіз деңгейінен 950-1600 м биіктікте орналасқан.
[өңдеу] Тарихы
1911 жылы іргесі қаланып, 1927 жылы кент дәрежесіне көтерілді. 1933 ж. инженер-геологтар М. Юдичев пен М. Қаділбековтің зерттеу-барлау жұмыстарының нәтижесінде Текелі өзенінің оң жағалауынан қорғасын, мырыш, күміс, кадмий, германий кендері табылды. 1937 ж. Текелі қорғасын-мырыш басқармасының құрылысы басталып, 1942 ж. қорғасын-мырыш комбинаты құрылды. 1939 жылы емхана салынды, 1941 жылы бірінші орта мектеп ашылды.
[өңдеу] Климаты
Текелінің климаты континенттік, қысы суық, жазы жылы. Қаңтар айының жылдық орташа температурасы -11-13С, шілденікі - 20-22С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 650-1900 мм. Қаланың маңында, Қора өзеңінің шатқалында биіктігі 90 метр болатын Бұрханбұлақ атты сарқырама бар. Қалаға жақын әсем тау шатқалдарында Жетісубақа тісі (тритон), марал, таутеке, елік, қоңыр аю, борсық, күзен, суыр, түлкі, қасқыр, тиін, сілеусін, қоян, жабайы шошқа, т.б. аңдар кездеседі. Сондай-ақ, мұнда шырша, қайың, терек, тал, көктерек, қарағай, алма ағашы, т.б. жалпақ жапырақты орман қалыптасқан.
Материал ЖЕТІСУ энциклопедиясынан алынды. "Арыс" баспасы Алматы-2004